Көмек
Мәскеудің мектептерінің бірі. Бір күні Лёва сабаққа келмеді. Бір апта келмеді, екі апта ... Лёваның үйінде телефон жоқ еді (Ұялы телефон ол кезде жоқ). Сынып жетекші оқушыларға «Үйіне барып келіңдер» деп кеңес берді. Есікті Лёваның анасы ашты. Анасы көңілсіз еді. Балалар амандасып, абайлап ғана:
- Лёва неге мектепке келмей жүр? - деп сұрады. Анасы терең дем алып:
- Лёва енді сендермен оқи алмайды. Оның көзіне операция жасады. Операция қате жасалды. Лёваның көзі көрмейді, сондықтан өзі жүре алмайды ...
Балалар бір-біріне қарады. «Не істеуге болады?». Содан кейін бір бала:
- Біз оны мектепке кезек-кезек апарамыз, - деді.
- Кезекпен мектептен үйге әкелеміз, - деді екінші бала.
- Сабақтарды істеуге де көмектесеміз, - деді басқалары бір-біріне сөз бермей. Анасының көзіне жас келді. Анасы балаларды Лёваның бөлмесіне апарды. Лёва бөлмесінен шықты. Оның көзі байланған еді. Сыныптастары тағы бір-біріне қарады. Олар не болғанын енді ғана шын түсінді.
- Сәлеметсіңдер ме?
Сыныптастары:
- Мен ертең саған келіп, сені мектепке алып барамын.
- Ал мен алгебрадан не өткенімізді айтып беремін.
- Мен тарихтан ... - деп шулады олар.
Лёва кімді тыңдарын білмеді, тек «жақсы, жақсы» деді. Анасының бетін жас жуып кетті. Сыныптастары үйден шыққаннан кейін жоспар құрды. Кім мектепке қай күні апарады, кім қандай сабақты түсіндіреді, кім серуендеуге шығарады, кім мектептен әкеледі?
Лёва мектепке келді. Лёваның жанында отырған досы мұғалімнің тақтаға не жазғанын айтып отырды. Ал Лёва сабақта жауап берсе, бәрі тыныш отыра қалатын. Лёва «бес» алғанда, барлық сыныптастары қуанатын. Өздерінің «бестеріне» бұлай қуанбайтын.
Лёва өте жақсы оқыды. Онымен бірге барлық оқушылар жақсы оқи бастады, себебі Лёваға жақсы түсіндіру керек. Ол үшін өздері де жақсы білулері керек. Қыстың күні достары Лёваны мұз айдынына апарды. Лёва классикалық музыканы өте жақсы көреді, сондықтан достары Лёвамен симфониялық концерттер көруге баратын.
Лёва мектепті алтын медальға аяқтады. Институтқа оқуға түсті. Онда да көмектесетін достар табылды. Институтты аяқтағаннан кейін де оқыды. Кейін ол атақты математик, академик болды. Ол Понтрягин еді.