Бауыржан Момышұлы
Бауыржан 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келді. Әкесі Момыш арабша да, орысша да оқыған. Өте көп оқыған. Анасы Рәзия ерте көз жұмды, сондықтан Бауыржанды әжесі Қызтумас тәрбиелеген.
Бастауышты Әулиеатадағы Аса интернатында аяқтап (1921-1924жж.), оқуын Шымкентте оқыған (1924-1928 жж.).
Кітап оқып үйренгеннен кейін Ахмет, Мағжан, Міржақыптың шығармаларын оқыған. Орыс, француз, испан классиктерін оқыған. Кітапты досына айналдырды, ол кейін соғыста жүріп те кітап оқыған. Әрқашан өзімен бірге Абайдың шығармаларын алып жүрген.
Мектепті аяқтағаннан кейін, Орынбордағы ҚазПИ-ге түскен (1928 ж.). Бірақ ақша болмаған, сондықтан ауылға келіп, мектепте екі жыл (1928-1930жж.) мұғалім болған. Одан кейін 2 жыл аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған. Осыдан кейін алты ай ауданда милиция бастығы болған (1932 ж.). Одан соң Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисті болған.
1936 ж. Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курста білім алады. Курсты тек «бес»-ке аяқтап, аға консультант-экономист қызметін атқарып жүргенде 1936 жылы взвод командирлігіне шақырады.
1941 жылы соғыс басталды, 316-атқыштар дивизиясына батальон командирі болды. Сол жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста әскери таланты көрінеді. Б.Момышұлына Панфилов риза болды, сондықтан 1941 жылы Бауыржанды Кеңес одағының батыры және Ленин орденіне қатар ұсынады. 1942 жылы Серебряков екінші рет ұсынады. Екі ретінде де атақ берілмейді.
Бауыржан Ұлы Отан соғысы барысында 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнен аман қалған, 2 рет өлімші болып жараланған. Өзінің жаралануын батыр былай еске алады:
1942 жылы омыртқама оқ тиді. Санбатқа жеткенге дейін ес-түссіз жаттым. Көзімді ашсам, дәрігер «оны тез госпитальға жеткізу керек» деп жатыр екен. «Не болды?» деймін. «Омыртқаңызға оқ тиген». Тістеніп, қолымды әзер жеткіздім, рас, оқ тиген екен. «Кесетін не бар?» деп сұрадым. «Тек ұстара (бритва) бар» дейді дәрігер. «Спиртпен сүрт те, оқ тұрған жерді кес» дедім. «Олай істеуге болмайды» деп келіспеді дәрігер. «Кеспесең, атамын» деп кабурама қол создым. Дәрігер тез айтқанымды істей бастады. Ол арқамды кесе бастағанда қатты ауырды, тапаншаның (пистолет) сабын сындырардай қысып, тісім шықырлап мен жаттым. «Міне, жолдас капитан, оғыңыз!» деп дәрігер қолыма оқты салды.
1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа жеңіс туын Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов қадаған. Мұны естіген Кеңес үкіметінің басшылары екінші рет 1 мамырда орыс Егоров пен грузин Кантарияға қадатады.
Немістерге тұтқынға түскен Кеңес үкіметінің солдаттарын СТАЛИН «сатқын» деп жариялайды, сондықтан көп солдаттар Италия, Австрия, Франция, Алмания елдерінде қалып қойды. Алайда Сталин олардың елге қайтарылуын талап етеді. Көбі елге қайтарылады. Кейбіреулері пойыздың астына түсіп өлген.
Соғысқа 61 мемлекет, яғни әлем халқының 80 пайызы қатысты. Соғыс 40 мемлекеттің жерінде болды. КСРО-дан 26 млн адам, Германия жағынан 12 млн адам дүниеден өтті.
Б.Момышұлы 1955 жылы әскери қызметтен босатылады. Мәскеуден Алматыға келеді. Ешқайда жұмысқа алмайды. Сондықтан Б.Момышұлы жазуға отырады. Ол бірнеше кітап жазды. Бірінші кітабы «Офицер күнделігі» деп аталады.
Кубаның президенті Фидель Кастродан журналистер «үлгі тұтатын тұлғаларыңыз кім?» деп сұрағанда, «В.Чапаев пен Б.Момышұлы» деп жауап берген екен. Журналистер «Б.Момышұлы Алматыда тұрады» дейді. 1962 ж. Б.Момышұлы Кубаға шақыру алады. Алайда Кеңес үкіметі оны шетелге жібермейді. Куба қайта-қайта шақырады, сондықтан 1963 жылы Б.Момышұлы Кубаға 10 күнге саяхатшы ретінде барады. Бостандық аралында Б.Момышұлын 1963 жылы Қорғаныс министрі Рауль Кастро (Фидель Кастроның інісі) қарсы алады. Ешқандай медалі жоқ Б.Момышұлын көріп таңғалады. Б.Момышұлы Кубадағы әскери академияда әскери стратегия мен тактика туралы дәріс оқиды. Кейін сол дәрістері «Соғыс психологиясы» деген атпен кітап болып шықты. Оны қазір Ресей, Куба, Никарагуа, Чехия, Словакия, Испания, Жапония, Израиль, Польша, Венгрия, Вьетнам елдерінің әскери білім ордаларында оқиды.
Б.Момышұлы «Соғыс психологиясы», «Москва үшін айқас», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Жауынгердің тұлғасы», «Куба әсерлері», «Қанмен жазылған кітап» деген шығармаларын жазды. Енді халық оны жазушы ретінде таныды.
Б.Момышұлы мен Ғ.Мүсірепов дос болған. Бірақ бір күні мынадай оқиға болады. Ғ.Мүсірепов Жазушылар Одағын басқарып тұрған кез. Жиырмаға жуық жазушы, ішінде Б.Момышұлы мен Ғ.Мүсірепов те бар, Қазақстанның қалаларын аралауға шығады. Кездесулер басталады, халық Б.Момышұлына қошемет көрсетіп, қалғандарына көңіл аудармайды. Соған намыстанған Ғабит «Бауыржанмен бірге жүруге болмайды екен» деп Алматыға қайтып кетеді. Сол оқиғадан кейін Ғабит Мүсірепов Бауыржан Момышұлымен бірге жүрмеуге тырысқан.
1982 жылы 10 маусымда Алматыда дүниеден өтеді.
90 жылдары ғана Кеңес Одағының батыры деген атақ берілді. Ал кезінде ол Әскери академияны бітірсе де (1952 ж.), генерал шені берілмеді.
Бауыржан Момышұлы туралы А.Бек «Арпалыс» деген романын жазса, Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» атты романын жазды. Қазақта арнау өлең жазу дәстүрі бар. Қазақтың ақын-жазушыларының ішінде Б.Момышұлына өте көп арнау өлең жазылған. Бұл ретте Абай да емес, Мұқағали да емес, Бауыржан бірінші орында тұр.
2013 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 6,5 мың соғыс ардагері және 20 мыңға жуық тылда еңбек еткен аталарымыз бен әжелеріміз бар.
Б.Момышұлына арналған «Аңыз адам» журналының 2010 жылғы №9 санынан
Нұржан Байсақ бейімдеген